Ақтөбеде облыс әкімі қыс мезгілінде қаланы қардан тазалай алмаған мердігер компанияларға қатаң ескерту жасады деп хабарлайды City04.kz.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қысқы мезгілде қардан тазалауды өз міндеттеріне алған мердігер мекеменің басшыларымен жиын өткізді. Басқосуға қала әкімі Мавр Абдуллин, "Астана","Алматы", аудандарының әкімдері мен мердігер компанияның басшылары қатысты.
Қала көшелерін тазалаумен «Автолайн» ЖШС, «Табыс Ел»ЖШС, «Бошан Транс Авто» ЖШС, «Ерхат жолдары» ЖШС, «Коквест» ЖШС, «Барлык Курылыс» ЖШС, «3Q Universal» және «Financial World» ЖШС-гі сегіз компания айналысады. Олар жалпы көлемі 5,5 млн шаршы метр болатын 711 көшені қардан тазарту қажет болатын.
Дегенмен,қыс басталғалы мердігерлердің атқарған жұмыстарына арыз- шағымдар толастамаған. Аталған компания өкілдері жұмыскерлер санының аздығын, техникалардың жетіспеушілігін айтып ақталды.
Аймақ басшысы кезінде мемлекеттік сатып алу конкурсынан барлық талаптарға сай екендігін көрсетіп, бөлінген қаражатты қалталарына басқан мердігерлердің жұмыстарын қатаң сынға алды.
Өңір басшысы қала әкіміне алдағы мемлекеттік сатып алуға қатысатын мердігер мекемелерге талапты күшейтуді тапсырды. Яғни, келісім-шартта тазаланатын аумақтар нақты көрсетіліп, толыққанды қамтылуы қажет. Облыс әкімі қыста қардан, жазда қоқыстан тазарту жұмыстарында жүйелендіру керектігін айтып өтті.