Тергеу мәліметтері бойынша Ақтөбеде мемлекеттік кәсіпорынның директоры өз қызметкерлерінен 2016 және 2019 жылдар аралығында қосымша ақы және сыйақы есебінде берілетін қаражаттан 3 млн 652 000 теңгені заңсыз жинап келгені үшін 1 жыл 6 ай мерзімге сотталды деп хабарлайды City04.kz тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының директоры Шалғынбай Жандосовқа лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылды.
Бұған дейінгі өткен сот отырысында прокурор Әсел Өтенова айыпталушыны 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Сотталушы Шалғынбай Жандосов бірден сот залынан қамауға алынды. Сотталушы үкіммен келіспей, жоғарғы сотқа шағымданатынын айтты.
Алдымен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 362 бабының 4 бөлігі 3 тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны туралы айыппен сотқа берілген. Сот тергеуі кезінде мемлекеттік айыптаушыға тағылған айып ҚК 361 бабының 1 бөлігіне өзгертілген.
Сотта Жандосов ҚР ҚК 361 бабының 1 бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған жазаны өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмен мекемесі белгіленді.
Үкім барысында сотталған Шалғынбай Жандосовтан бұрынғы қызметкерлерінің пайдасына 4 миллионға жуық қаржы материалдык залалдар өндірілсін деген үкім шықты. Сонымен қатар одан мемлекет пайдасына 38250 теңге мемлекеттік баж, жәбірленушілерге өтемақы қорына 25250 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді.
Айта кетсек, жаза үкім заңды күшіне енген кезден бастап есептелетін болады. Сотталушы үкімге наразы болса сот арқылы 15 тәулік ішінде Ақтөбе облыстық сотына шағымдануға және мемлекеттік айыптаушы жеке өтініш келтіруге құқылы.