Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, қала әкімі Асхат Шахаровпен бірге қаладағы бірнеше нысанды аралап, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында қалада атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Қаланың орталық көшелеріндегі аялдамаларға жүргізіліп жатқан залалсыздандыру, қоғамдық көліктердегі жағдайларды бақылады. Өңір басшысы «Алтай» сауда үйіндегі қауіпсіздік шараларына бірқатар сын-ескертпе жасады. Дүкендер кешкі 17:00-де қызметін тоқтату қажет болатын, сондай-ақ, COVID-19 коронавирусы туралы ақпараттық парақшаларды көпшілік көретіндей орындарға іліну қажеттігін тапсырды.
Облыс әкімі азық-түлік, көкөніс бағаларын да назардан тыс қалдырмады. Қала басшысына ет, сүт, күнделікті азық-түлік бағаларының қымбаттап кетпеуін бақылауды тапсырды.
Бұдан соң аймақ басшысы «Ақтөбе» халықаралық әуежайы мен «Халық кеңсесіне» ат басын бұрды. «Ақтөбе халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Құсман әуежайдағы жағдай қалыпты екенін жеткізді. Әрбір жолаушының дене қызуы өлшеніп, тексеруден өтеді.
Оңдасын Оразалин басқарма төрағасына сақтық шараларын қатаңдатуды тапсырды. Дене қызуы анықталған жолаушы оқшаулау бөлмесіне жеткізіліп, жедел жәрдем шақыртылады. Ешбір азаматпен байланысқа баруына жол берілмейді. Мемлекеттік қызмет көрсету мекемесінде болған облыс әкімі «Халықтық кеңседегі» жұмыстарды көрді. «Азаматтарға арналған үкімет» МК Ақтөбе облысы бойынша филиалы директоры Руслан Ерғалиевке мемлекеттік қызмет көрсету мекемелері жұмысын тоқтатпайтындығы дегенмен де, азаматтарға қажетті қызмет түрлерін барынша онлайн түрінде жүргізуге басымдық беру керектігін айтты.
Аймақ басшысы «Ақтөбе ТЖ Вокзалындағы» тазалыққа қатысты ескерту жасады. Сондай-ақ, вокзалдағы электрондық билет сату құрылғысы істен шыққан. Кассада кезекте тұрғандардың санында шек жоқ. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мекеме басшысына жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырды.