18+

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған төртінші адам Ресейден келген

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған төртінші адам тіркелді. Ол Мәскеуден Орынборға, Орынбордан Ақтөбеге таксимен келген әйел адам деп хабарлайды City04.kz тілшісі

Әйел адам 13 наурыз бен 22 наурыз аралығында Ресей федерациясының Мәскеу қаласында болған. 22 наурыз күні Мәскеуден Орынбор қаласына, 25 наурыз күні Орынбордан Ақтөбеге таксимен келген. Ақтөбеге келген кезде тек тұрғылықты жері бойынша телефон арқылы дірігерлер жағдайын біліп отырған.

Ол 27 наурыз күні өзін нашар сезініп, дене қызуы көтерілген. Жедел-жәрдем арқылы провизорлық емханаға жатқызылған. Бірақ 28-ші наурыз күні коронавирусты анықтайтын анализ алынып, оның нәтижесі теріс болған. Ал бүгін 1 сәуір күні науқастан қайта анализдер алынған. Нәтижесі - оң.

Ауруы анықталғаннан соң, ол жедел-жәрдем қызметімен провизорлық ауруханадан жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылған.

-Бұл науқаспен байланыста болған адамдардың тізімі нақтыланды. Ол адамдармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Төрт жағдайда да сырттан келген ауру,- дейді Ақтөбе облысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, науқастың отбасы мүшелері, жалпы алғанда үш адам белгілі. Сонымен қатар онымен провизорлық ауруханада бір палатада жатқан жақын байланыста болған бір әйел және бір этажда болған 30 адам анықталған.

Мамандардың айтуынша, науқаспен жақын байланыста болған адамдарды жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырып, тексеріліп жатыр.

Облыс тұрғындарына себепсіз адамдар жүретін жерге баруды қысқартуға кеңес береміз.