18+

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған тағы 4 адам анықталды

Ақтөбеде тағы 4 адамда коронавирустық инфекция анықталды. Науқастың біреуі қылмыс жасады деп күдіктеліп, уақытша оқшаулау изоляторында жатқан деп хабарлайды City04.kz тілшісі.

Ақтөбе облысында COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған 18 адам тіркелген.

Бұл туралы бүгін брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қалиев Әсет мәлімдеді. 

 3 науқас Ақтөбе облысында тіркелген 14-ші коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастың тума-туыстары. Нақтырақ айтсақ, біреуі қызы, екеуі немересі. Олар 1988 жылғы әйел адам және 2009, 2015 жылғы туған балалар. Анықталғандай бұған дейін немерелері аталарынан бөлек үйде тұрғанымен, қонаққа келіп тұрған.

Ал төртінші науқас кеше кешкісін қылмыс жасады деп күдіктеліп, тергеуге алынған 1984 жылғы ер адам. Одан уақытша оқшаулау изоляторында анализ алынып, коронавирустық инфекция анықталған. Бұл азаматта ешқандай аурудың белгілері байқалмаған. Тек анализ тапсырғаннан кейін инфекция анықталып отыр. Тексеріс нәтижесінде, науқастың ата-анасының үйі бұған дейін Ақтөбеде коронавирусқа шалдыққан адаммен көршілес орналасқан. Болжаммен ол сол жерде инфекцияны жұқтырған.

Қазіргі таңда ауруы анықталған адамдар облыстық жұқпалы аурулар стационарының бокс палатасына жатқызылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық.

Барлық 4 науқаспен жақын қарым-қатынаста болған азаматтар провизорлық және карантиндік госпитальдерге жатқызылатын болады.

Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында инфекциялық, провизорлық және карантиндік госпитальдерде 294 тұрғын жатыр. Жалпы үй жағдайындағы карантинде 1861 адам бар. Бірақ бүгінгі науқастардың анықталуына байланыстар бұл сандар артатын болады.