18+

Антисептикалық құралдар оразаны бұза ма

Антисептикалық құралдар оразаны бұзбайды. Бұл туралы Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан мәлімдеді деп хабарлайды Сity04.kz

-Қолға шашылатын нәрселердің Оразаға ешқандай кедергісі жоқ. Қолды жуу, қолға крем жағу адам ағзасының сыртына қолданатын нәрселер. Сол секілді антисептик пайдалану да Оразаны бұзбайды,- деді Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан. 

Бұған дейін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да төтенше жағдай кезінде адам өзін қорғау үшін, денсаулығына зиян тигізбейтін заттарды қолдануын шариғатымыз қолдайды деп мәлімдеме жасаған болатын.

Сонымен қатар, Бас мүфти біреудің өміріне жауапты әрі зәру қызмет иелері оразаны кейінге қалдыра алатынын айтты.

-Біреудің өміріне жауапты әрі зәру қызмет иелері, ұшқыш, дәрігер және тағы да кенші, металлург сияқты басқа ауыр жұмыс иелері ораза ұстауға шамасы жетпесе оны кейінге қалдыра алады. Сонымен қатар, елдің қарулы күштері бейбітшілік жағдайынан соғыс жағдайына көшірілген кезде ораза тұту әскердің қырағылығы мен жауынгерлік дайындығын әлсіретуге алып барса – оразаны тоқтатуға рұқсат етіледі. Оның орнына басқа күндері ораза ұстайды, - дейді ол.