Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 55 адамнан коронавирустық инфекция анықталды. Оның 18-і студенттер.
Науқас 18 студентпен жақын қарым-қатынаста болған тағы 20 студент Ақтөбеде 14 күндік карантиндік стационарда бақылауда қалды. Ал қалған студенттерді стационардан шығарды. Олар өз облыстарына қайтып жатыр деп хабарлайды City04.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мәлімдеді.
Бүгінгі күні облысқа келген барлық 213 студент медициналық тексерістен өткен. Олардың нәтижелері теріс мәнді. Бұл студенттердің біршамасы өз облыстарына автобустармен кетіп үлгерген. Ақтөбе облысы әкімшілігі студенттердің тұрғылықты жеріндегі әкімшіліктермен бірлесе отырып, оларды облыстарына қайтару бойынша жұмыстар атқаруда. Өзге облыстың студенттері өз облыстарына жеткізілетін болады.
Студенттер Ресей Федерациясынан Ақтөбеге келерден бұрын коронавирустық инфекция ағзаларында бар жоғы тексерілмеген. Сонымен қатар студенттерді кеден бекеттерінде дәрігерлер тексерген кезде ешқандай клиникалық белгілер анықталмаған. Тек кеше Ақтөбеде лобораторлық тексеріс жасаған кезде ғана ауру белгілері анықталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі таңда өзге елдерден Қазақстанға қайтқылары келіп, өтініш білдіріп жатқан студенттер саны көп. Және олар алдағы уақытта елге оралатын болады.