18+

Мәскеуден келген төрт ақтөбелік коронавирус жұқтырған

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 63 адамда коронавирустық инфекция анықталды.

Ақтөбеде бір тәуліктің ішінде тағы 4 адамда коронавирустық инфекция тіркелді деп хабарлайды City04.kz

Оның үшеуі қала тұрғыны, біреуі аудан тұрғыны.

Олар ақпан айынан бері Мәскеу қаласында құрылыс компаниясында жұмыс жасаған. Кеше Орынбор арқылы Жайсан шекарасы арқылы Ақтөбеге келген. Қалаға келген соң біреуінің дене қызуы көтерілуіне байланысты, провизорлық госпитальге, үшеуі карантиндік госпитальге жатқызылған.

Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда төртеуінің де жағдайы тұрақты.

Жалпы облыста 52 науқас инфекциялық госпитальде ем алып жатыр. Ауруға шалдыққан 63 адамның ішінде 45 адам сырттан келген адамдар. 18 адам қарым-қатынас жолымен ауру жұқтырғандар.

Облыста инфекциялық, провизорлық және карантиндік госпитальде 972 адам жатыр.

1930 адам үй карантиніне алынды. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден және ҚР басқа аймақтардан келген 472 адам қоңырау шалу арқылы медициналық бақылауда.