18+

Ақтөбеде 18 мыңнан астам отбасы «Birgemiz» қорынан 50 мың теңгеден алды

Ақтөбеде 18 471 отбасыға «BIRGEMIZ» қорынан бөлінетін 50 мың теңге жәрдемақы есебінде көмек көрсетілген деп хабарлайды City04.kz.

Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Департаменттің «ANTIKOR LIVE» жобасы аясында «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловпен тікелей эфир барысында айтты.

Бүгінгі күні «BIRGEMIZ» қорына кәсіпкерлерден 23,5 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Көмектің алғашқы траншында республика бойынша 152 мың отбасы 50 мың теңгеден бір реттік қолдауға ие болған.

-Көмек алушылардың тізімін анықтауда дауларды болдырмау үшін Қор заңнама талаптарына және мемлекеттік органдардың ресми деректеріне сүйенеді. Барлық төлемдер, транзакциялар, есеп айырысулар тек қолма – қол ақшасыз үлгіде жүзеге асырылады. Бұл қаржы жұмсалымдарының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді», - деді Ербол Данағұлов.