• Главная
  • ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН БИЛІКТІҢ БИІГІ
15:49, 31 мая 2019 г.
Надежный источник

ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН БИЛІКТІҢ БИІГІ

ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН БИЛІКТІҢ БИІГІ

Халқының қамын ойлаушылар тарихымызда аз емес-ті. Солардың ішінде биліктің тізгініне өз еңбегімен жете білгені де бар. Қуғын-сүргінге ұшырап, нақақтан нақақ айып арқалап кете барған Мұхамеджан Тынышбайұлының өміріне назар салып қарасақ қазіргі жас пен билік басына тағайындалмақшыларға үлгі болары сөзсіз, деп хабарлайды City04.kz тілшісі.

Мұхамеджан Тынышбайұлы 1879 жылы бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының етегінде туған.

1890 жылы Верный қаласындағы ерлер гимназиясына түсіп, оны алтын медальмен бітірген тарихшы ғалым, Санкт-Петербургтегі I Александр атындағы Жол қатынасының инженерлерін даярлайтын институтқа түскен қазақтың тұңғыш теміржол инженері, Қоқан автономиясының басшысы, Алаш Орда үкіметінің мүшесі, II-ші Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан сайланған Қоғам қайраткері.

1905 жылы осы қаладағы Автономияшылар Одағының I-ші Құрылтайына қатысып, «Қазақтар Һәм азаттық қозғалысы» деген тақырыпта баяндама жасаған.

1905–1907 жылдардағы Патша үкіметі Бірінші орыс революциясын (төңкерісін) басып- жаншып, өзіне ұнамаған I Мемлекеттік думаны таратты да, II Думаға сайлау жүргізуді тағайындауда жаңа сайлау заңы депуттардың көпшілігінің помещиктер мен капиталистерден болуын қамтамасыз етуді көздеді. Сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беру құқығынан айырылды. 1907 жылы 3 маусымда үкімет II Думаны да таратып жіберді, социал-демократтардан сайланған депутаттар қамауға алынып, Сібірге айдалды. Мұндай озбырлық еңбекшілер қалың бұқарасының зығырданын қайнатты . Тегеуріні жойқын соқыр саясаттан бой тасалап қалған Мұхамеджан Тынышбайұлы мамандығы бойынша Орта Азия теміржол құрылысында өзінің еңбек жолын бастайды. Ол теміржол құрылысына айрықша өкілетті нұсқаушы-инженер болып тағайындалып, Əмудария өзені арқылы өтетін көпірді салуға қатысады. 1911 жылы Урсатьевск-Əндіжан теміржол құрылысының бастығы əрі бас инженері ретінде қызмет атқарады.

ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН БИЛІКТІҢ БИІГІ , фото-1

Ол 1914 жылы Түркістан Əулие-Ата теміржол құрылысына бас инженер болып ауысады. Түркістан өлкесінде отарба жолының салынуымен ұлттық жұмысшы мамандарының өсуіне мүмкіндік туған еді. Бұл салада мұсылманнан шыққан тұңғыш теміржолшы Тынышбайұлының сіңірген еңбегі, қосқан үлесі орасан зор. Ол қазақ пен қырғыз шаруаларына, өзбек, түрікмен, тəжік диқандарын бұрын-соңды жат болып көрінетін тың жұмысқа тартып, ұйымдастырушылық қабілетінің нəтижесінде теміржол құрылысының қыр-сырын игерген, сан түрлі маман иелерін баулып, тəрбиелеп шығарады. Олар үшін киім-кешек, тамақ жағынан жəрдемдесіп, дүкен, наубайхана, асхана, үй-жай салынып, əлеуметтік тұрмысына көп көмек берді. Тілегі бір қандас ағайындарының арасында «Қазақ инженері» атанған ол қашанда ел-жұрты үшін қолынан келген жақсылығын аямайтын.

Мұхамеджан Тынышбайұлы 1916 жылғы 25 маусым Жарлығына қарсы шыққан халық көтерілісінің салдарын күні бұрын болжап, көтерілісшілерді сабырлылыққа шақырды. Патша үкіметінің жергілікті билік орындарының көтеріліске шыққан қазақтар мен қырғыздарды жазалауда жасаған озбырлығын əшкерелеуде белсенділік танытты. Ресейдің қоғамдық-саяси, əлеуметтік құрылысына түбегейлі өзгерістер жасаған төңкерістер толқынынан империяның отар-шет аймақтары да тысқары қалмады. Төңкеріс уағында өлкенің жағдайын жетік білетін, жұрт алдында беделі зор, білімді Тынышбайұлы Жетісу облыстық Уақытша үкіметі комиссарының орынбасары болып тағайындалды. Мұнда істеген қысқа мерзімде ол 1916 жылғы жəне одан кейінгі дүрбелеңдер əсерінен зардап шеккен ел шаруашылығы мен халық ынтымағын қалпына келтіруге аянбай күш-жігер жұмсады. Алаш қозғалысына белсене араласты.

Оған қоса азамат соғысы жылдары ол халықты еріксіз лаңға ұшыратудан жəне Алаш сарбаздарын бос қантөгістен аман сақтау жолында көп еңбек етті. Осы бағытта кейін Кеңес үкіметімен келіссөз де жүргізеді. Жетісу аймағындағы қазақтарды ашаршылықтан, əр түрлі апаттардан құтқару үшін көмек те ұйымдастырады.

1918 жылдары Алашорда үкіметінің басшыларымен бірге сол кезде бірінен соң бірі құрылып жатқан көптеген əр түрлі үкіметтермен (Уақытша Сібір үкіметі, Уфа директориясы, Колчак үкіметтері сияқты) келіссөздер жүргізіп, хат-хабар жазысады.

Сондағы бар мақсаты Алашорда, қазақ елдігінің тағдыр-талайы еді.

ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН БИЛІКТІҢ БИІГІ , фото-2

Кеңес кезеңінде əр түрлі деңгейдегі шаруашылық қызметтерде болады. 1925–1926 жылдары жаңа астана — Қызылорда қаласын көріктендіру жүйесінің бас инженері болып тұрғанда қаланы сумен қамтамасыз ету жолын жəне көптеген жаңа объектілер салу туралы ұсыныстар жасайды.

Ол əр түрлі қызмет атқарды. Еткен еңбегінің екі басты бағытына баса көңіл аударуымыз қажет: біріншісі, қазақ халқының шынайы тарихына қосқан сүбелі үлесі; екіншісі, Түрксіб құрылысына сіңірген еңбегі.

Осы жігерлі еңбектеріне қарамастан сталиндік жеке билеп-төстеу саясатының құрбаны болған есіл азамат екі рет: əуелі 1932 жылы Воронежге айдалып, кейін 1937 жылы қайта тұтқындалып, қазаға ұшырады.

Ақнұр ҚУАНЫШ

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Мұхамеджан Тынышбайұлы #қуғын-сүргін #билік #халық

Комментарии

Объявления
live comments feed...