• Главная
  • Алматылық ғалымдар Ақтөбедегі көне құлпытастарды «сөйлетпек»
10:00, 15 августа 2019 г.
Надежный источник

Алматылық ғалымдар Ақтөбедегі көне құлпытастарды «сөйлетпек»

Алматылық ғалымдар Ақтөбедегі көне құлпытастарды «сөйлетпек»

Мамандар біздің өңірден 334 құлпытасты жан-жақты зерттеп, олардағы жазбаларды хатқа түсіріп алды, деп хабарлайды City04.kz

Естеріңізге сала кетелік, Ақтөбе облысына Алматыдағы Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының мамандарынан құралған экспедициялық топ келіп, бірнеше қорымдағы көне құлпытастарға зерттеу жүргізуде.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде осы жұмыстардың бастапқы қорытындылары жария етілді. Араб тілі маманы Бағдат Дүйсеновтің айтуынша, құлпытастарды зерттеу жұмыстары Ақтөбе қаласының Сүт зауыты ауданындағы ескі қорымнан басталған. Бұл жерден араб қарпімен жазылған 18 құлпытас табылған. Солардың бірі — белгілі қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың зиратына қойылған құлпытас.

— Бұл қорымда Бақытжан Қаратаев, Нұрпейіс Байғанин сынды тұлғалардың жатқанын жергілікті жұрт бұрыннан біледі. Бақытжан Қаратаевтың басына қойылған құлпытаста оның өмірінен бірқатар деректер берілген. Мысалы, оның 1860 жылы Гурьев қаласында туып, 1934 жылы Ақтөбеде қайтыс болғаны жазылған, — дейді Бағдат Дүйсенов.

Мамандар екі апта уақыт ішінде Сүт зауыты ауданындағы ескі қорымнан басқа, Қарғалы су қоймасы маңындағы Қызылтам қорымында, Алға ауданының Бестамақ ауылындағы Есет батыр Көкіұлы қорымында, Қобда ауданындағы Абат-Байтақ қорымында, Сарытоғайдағы Шәкен ишан мешіті маңындағы қорымда, Хромтау ауданы аумағындағы Бекқұл әулие қорымында, Мұғалжар ауданындағы Жұбановтар әулетінің қорымында және Әйтеке би ауданындағы Жолай-Жүсіп қорымында болып, ХVIII-XIX ғасырлардан қалған ескерткіштерді зерттеген.

Бұлардың арасында Абат-Байтақ қорымында мамандар үш күн бойы жұмыс істеп, 220 құлпытас ескерткіштерін тіркеуге алған.

— Абат-Байтақ қорымында үш күн аялдап, жоспардағыдан ұзағырақ жұмыс істеуге тура келді. Өйткені осындағы көне құлпытастарды түгел тізімдеп, суретке түсіріп, олардағы жазуларды көшіріп алуға тырыстық. Әзірге тек 60-70 тас қана оқылды. Басқаларының деректері кейінірек белгілі болады. Қазіргі оқылған деректерге қарап, мұнда батыр, би сынды бірқатар қайраткер тұлғалар бар деп болжадық. Ал Шәкен ишан қорымында халпе, хазірет дәрежесіндегі діни қайраткерлердің құлпытастары кездесті, — деді Бағдат Дүйсенов.

Қорымдардан табылған деректерге мамандар генеалогиялық тұрғыдан да талдау жасайды. Абат-Байтақ қорымында, мысалы, табын руының адамдарына қойылған құлпытастар көбірек кездеседі екен. Мамандардың айтуынша, құлпытасты қоюшылар туралы деректердің арасынан Дәуіт батырдың да есімі кезіккен. Қызылтам қорымында шекті, жағалбайлы, қырғыз руларының адамдары жерленген, олардың ішінде құлпытастарында би, батыр деп көрсетілген тұлғалар, бірен-саран болса да кездесіпті. Ал Есет батыр қорымынан Кіші жүздің көптеген руларының өкілдерімен қатар, сұлтандардың құлпытастары да ұшырасқан.

Мамандар бұл деректердің әлі де өңделіп, кейбірі архив мағлұматтарымен салыстырыла зерттеліп, содан соң ғана ғылыми айналымға енгізілетінін айтты.

Ал ескерткіштерді зерттеу және қорғау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен маман, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай біздің өңірдегі құлпытастарды зерттеу ісін жеделдету керектігін баса айтты.

— Экспедиция барысында осыдан 15-20 жыл бұрын бүп-бүтін, жазулары айқын тұрған құлпытастардың бүліне бастағанын байқадым. Демек, біз болашақта бұл тастарда сақтаулы тұрған деректерден мүлде айырылып қалуымыз мүмкін. Сондай-ақ, құлпытастар жоғалып кетіп те жатады. Жазушы Әбіш Кекілбаев тарихи туындыларын жаза жүріп, Әбілқайыр хан жерленген Хан моласы қорымына арнайы келген сапарында сол жерден 100-ден аса көне құлпытас көргенін айтқан еді. Ал беріректе осы жерде зерттеу жұмыстары қолға алынғанда, небәрі 41 құлпытас қалған болып шықты, — деді Бекарыстан Мырзабай.

Дәулет Керей

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#НОВОСТИ АКТОБЕ

Комментарии

Объявления
live comments feed...