• Главная
  • "Мен кеудемді керіп жүрген жан емеспін": Нұрғали Нүсіпжанов жас көрінуінің құпиясын бөлісті
09:40, 29 августа 2019 г.
Надежный источник

"Мен кеудемді керіп жүрген жан емеспін": Нұрғали Нүсіпжанов жас көрінуінің құпиясын бөлісті

"Мен кеудемді керіп жүрген жан емеспін": Нұрғали Нүсіпжанов жас көрінуінің құпиясын бөлісті

Қазақстанның еңбек сіңірген халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов 1937 жылы 5 қаңтарда Талдықорған облысының Гвардия ауылындағы Күреңбел жанындағы Доланалы ауылында дүниеге келген. Қарапайым шопанның отбасында тәрбиеленген өнер иесі Қоғалыдағы орта мектепті тәмамдаған. Өзі болмысының нәзік болғанына қарамастан, осы күнге дейін есесін жіберіп көрмегенін айтады. 

Нұрғали Нүсіпжанов отбасылық жағдайларға байланысты оқуын бітірген соң екі жылға жуық уақыт мал бағып, шопан болған. Кішкентай күнінен жылқыны серік еткен әншінің балалық шағы Алтынемел бөктерінде өткен. 

- Есімді жиған ауылым мен жұртым сол. Жетісу жеріндеміз. Талдықорған жағындағы үш таудың ортасында бір бел бар. Оны «Күреңбел» деп атайды. Сол жерде туып-өстік. Ол таулы жер. Жер жәннаты – Жетісу. Аттап басқан кезден бері мал ішінде жүрдік. Малшының баласы әке-шешесімен бірге еңбектенеді. Ол жерде «Сен өйт, бүйт деп ешкім айтып жатпайды, - дейді Нұрғали Нүсіпжанов «Қарақатпен шай» бағдарламасында. 

Бала күнінен өнерге жақын болып өскен әнші талантын ерте байқатқан. Мәскеудегі фестивальге қатысу мақсатында әртүрлі ауыл ішіндегі, ауданаралық байқауларда бой көрсеткен. Артынша Алматы қаласында өткен қорытында кешке қатысқан. Осы кезде Нұрғали Нүсіпжанов талантымен талайды тәнті етіп, әділқазы алқаларының көзіне түсіп, консерваторияда оқуға ұсыныс алады. 

Өнер иесі кәмелеттік жасқа толғаннан кейін әнмен кәсіби түрде айналысуды жөн көреді. 1956 жылы 19 жасында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Білікті мамандардың алдына барғаннан кейін де ән өнерімен кәсіби түрде айналысқан. Оның шығармашылықта шарықтауына ықпал еткен ұстаздардың бірі – Надежда Самышина. 7 жыл білікті маманнан дәріс алған ол алғашқы еңбек жолын қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрынан бастаған. 

Кейін қазақ телевидениесі мен радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте қызмет атқарды. Бұл жерде Нұрғали Нүсіпжанов халық аспаптары оркестріне қабылданады. 20 жыл қызметтік борышын атқарған ол «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан «Жазира» ансамблін ашқан. 

- Жас кезімнен әнші болуды армандадым. Оқуға баратын кезде әкем марқұм оқуды армандап жүретінімді сезетін. Ақырындап сұрап та қоятын. Бір күні сол ауылда үлкен-үлкен ақсақалдар болды. Бойлары – 2-2 метрден. Соларды шақырып, үлкен тоқтысын сойып, қуырдақ жасап, «Балаларың Нұрғалимен сөйлесіңдерші. Оқимын деп айтып жүр. Бұл не қылған оқу? Онша түсінбедім. Бұл бала сендердікі ғой» деді. Қазір жалғыз баласын қалай солай атады екен деп таңғалып отырамын, - деді Нұрғали Нүсіпжанов Қарақат Әбілдинаға берген сұхбатында. 

Сондай-ақ, ол осы сұхбатында өз заманында үкімет жүйесі болғанын жеткізді. Яғни үкімет оларды қайда ән салып, қайда жұмыс істеуі керегін шешіп отырған. Мұны жүзеге асыратын арнайы мекемелер де болған. Осы орайда ол той бизнеске қатысты пікірін де білдіріп өткен-ді. 

- Әрине, бұл әншінің де еңбегі ғой. Пайда тапқаны дұрыс, бірақ соны бәрібір жүйелі түрде ұлттық қадір-қасиетті сақтай отырып жасауы керек, - деді ол.

Мұнымен қатар, өзінің шақырған тойдың бәріне бара бермейтінін бөлісті. Бұған себебі де жоқ емес. 

- Қазақта «Шақыруға бармасаң, шақыруға зар боласың» деген мақал бар. Мен кеудемді керіп, әрбір басқан қадамымды саудаға салып жүрген адам емеспін. Реті келіп, жағдайым болып тұрса, сосын бұл нәрсе баратын жердің ыңғайы мен жағдайына байланысты. Кейде жастарға тілек айтып, бата беруге шақырып жатады. Ондайдан қалмауға тырысамын. Өзімнің замандас жолдастарым мен азаматтарым бар. Адам баласы өз өмірінде, тіршілігінде арман-үмітпен өмір сүреді. Сол тілегімізді айтып жүруге тырысамыз, - деді өнер иесі Мұхит Сапарбаевқа берген сұхбатында. 

Нұрғали Нүсіпжанов - ұлттық өнерімізді дәріптеуде айтарлықтай орын алған тұлғалардың бірі. Швециядан басқа Финляндия, Моңғолия, Ауғанстан, Иемен, Ангола, Кипр, Португалия, Сирия, Греция, Югославия, Алжир, Германия, Түркия, Польша Қытай және ТМД-ның барша елінде концерттерде қазақ әнін әуелетіп, елді таныта түскен. 

Сондай-ақ, ол «Ауыл» партиясының мүшесі. 2011 жылы өткен сайлауда аталған партия мен «Руханият» әнші үшін таласып қалған-ды. Алайда өнер иесінің өзі мұны жоққа шығарып отыр. Бар болғаны адамдар мән-жайды дұрыс түсінбей қалғанын айтады.  

- Таласқанда, басқа бір шаруа болған шығар. «Руханияттың» басында таныс жолдастар болды. Солар «Руханиятқа кел» деп шақырды. Мен «Шығармашылық қолдау жасап тұрайын. Концерт-шаруаларың болса, қатысып берейін. Бірақ «Ауыл» партиясынан мүшеліктен шықпаймын» дедім. Яғни осылай іс-шараларға қатысып берейін деп айтқаным бар. Соны кейбіреулер басқаша түсінген сияқты. «Нұр Отан» партиясының адамдары жиі шақырады. Қазір де әртүрлі мәселемен шақырады. Мен депутат болуды немесе орын іздеуді көздеп жүрген адам емеспін, - дейді Нұрғали Нүсіпжанов осыдан 4 жыл бұрын Мұхит Сапарбаевқа берген сұхбатында. 

Сұхбатында әнші пара беретін және оны алатын адамдарды түсіне алмайтынын жеткізген-ді. Осы орайда, ол мұны адамды кемсітумен тең екеніне тоқталды. 

- Білмеймін. Ондайды, тіпті, түсіне алмаймын. Мен біреуге көрімдік немесе игілігіне деп сыйлық ретінде беруім мүмкін. «Мынауың құтты болсын, мынандай жолың болсын» деп. Ал жаңағындай нәрсе -  кемсіту. «Сонда күніңді көре алмай жүрген сорлы адамсың ба? Онда «мә» дегендей. Рухани сорлылар деп түсінемін, - дейді Нұрғали Нүсіпжанов Мұхит Сапарбаевқа берген сұхбатында. 

Мұнымен қатар, ол осыдан 4 жыл бұрын берген сұхбатында зейнетақысының 60 мыңға жеткенін айтқан-ды. Әрі қарай дені сау болса, ақырын барып ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетінін жасырмады. Мал ұстап, шама келгенше көкөніс екпек ниетте. 

Әртіс бала күнінен көгалдандырып ағаш еккенді ұнататынын бөлісті. Бүгінде 10 жасында 3-сынып оқып жүріп еккен ағашы әлі өсіп тұр. Агрономдар алма ағашының мұндай жасқа келуі сирек екенін айтады. 

Қазақстан ұлттық арнасы түсірген деректі фильмде халық әртісінің сыныптасы Төлен Сарыбаев мінезінің тұйық болғанын айтады. 

- Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы демекші, сол интернатта талай қазақ балаларының ішінде оқыдық. Балалардың көптігі соншалық, 20 бала бітірдік. Сонда Нұрғали екеуіміз бір партада отырдық. Нұрғали ұяңдау болды. Ол да өлең айтатын. Күні бүгінге дейін солай, - дейді Төлен Сарыбаев. 

Адамның бойынан тек жақсы қасиеттерді көруге талпынып тұратын тұлға болмысы нәзік болса да, «Есемді жіберіп көрген жоқпын» дейді. 

82 жастағы әншінің бірінші некесінен 5 қызы бар. Үлкен қызы Бибігүл Нұр-Сұлтан қаласындағы хореография академиясында ректорлық жұмыс атқарып жатыр. Одан кейінгі қызы – дәрігер, ортаншы қызы – экономика саласының маманы. Төртінші қызы Нұргүл – ҚазҰУ түлегі. Осыдан 7 жыл бұрын Франция елінің Париж қаласында өткен дүниежүзілік пианино шеберлерінің байқауында бірінші орынды жеңіп алған. Дәл қазір Алматы қаласында өнер саласында жүр. Кенже қызы да өнер саласында қызмет етеді. Барселонадағы үлкен оқу орнында қылқалам өнері бойынша білім алады. 

Халық әртісі 26 тамыз күні отандық журналист Жадыра Сейдешке екінші рет үйленді. Аталған той қазақстандықтардың қызу талқысына түсті. Себебі әншінің қалыңдығы өзінен 42 жас кіші еді. Сондай-ақ, журналист «пәктіктің белгісі» ретінде беліне қызыл лента тақты. Осы орайда, көпшілік әншінің 82-ге келгеніне қарамастан, жас көрінетінін жарыса жазған еді.

- Жас көріну – менің артықшылығым немесе мұның белгілі бір сыры бар деп айта алмаймын. Өмірімді сахнаға арнап өткен адаммын. Өнерде жүріп игерген бір шаруам болса, соның барлығы сахнада көрініс табады. Ал соны көрсету үшін жинаған майымды, қарнымды көтеріп шықпай, өзіммен өзім болып шығайын деп ойлаймын. Сахна – киелі дүние. Оны кішкене баладан еңкейген кәріге дейін барлығы көріп отырады.

Ұтымды, жанға жайлы дүние болса, тіпті, киімімізге де қарайды. Таралған шашымыз бен қиылған мұртымызға дейін қарап отырады. Біз сол себепті сахна адамы ретінде өнерге деген аманатты арқалаған адамдармыз, - дейді Нұрғали Нүсіпжанов «Қарақатпен шай» бағдарламасында. 

Мұнымен қатар, ол спортпен шұғылданатын достарының көп болғанын айтады. Сондай-ақ, көп нәрсе адамның табиғи икемділігіне байланысты екенін де жасырмады. 

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#НОВОСТИ КАЗАХСТАН #НҰРҒАЛИ НҮСІПЖАНОВ

Комментарии

Объявления
live comments feed...