• Главная
  • Ақтөбе облысында төтенше жағдай құтқарушыларына арналған ескерткіш ашылды
15:01, 26 октября 2019 г.
Надежный источник

Ақтөбе облысында төтенше жағдай құтқарушыларына арналған ескерткіш ашылды

Ақтөбе облысында төтенше жағдай құтқарушыларына арналған ескерткіш ашылды

Жұма, 25 қазан күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің аумағында тұрғызылған «Тәуелсіз қазақ елінің құтқарушыларына тағзым» ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды City04.kz.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ТЖ комитеті төрағасының орынбасары Талғат Нұрмағамбетов, департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бегендік Айтқұлов және департаменттің ардагерлері, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Құтқарушылар саябағының ортасына тұрғызылған ескерткіш монументте қолында кішкентай қыз баланы көтеріп тұрған қоладан құйылған құтқарушы бейнеленген.

Монументтің жалпы биіктігі 4 метрден асады. Ескерткіш тақтаға «Тәуелсіз қазақ елінің құтқарушыларына тағзым» сөзі жазылған. Облыс әкімі О.Оразалин өмірлік мәні зор ескерткішті ашып, гүл шоқтарын қойды. Қиын жағдайда адамдардың өмірін сақтап қалуға дайын тұратын төтеншеліктерге рахмет айтып, шара қонақтарына алғысын білдірді.

Ақтөбе облысында төтенше жағдай құтқарушыларына арналған ескерткіш ашылды, фото-1

- Өмір болған соң түрлі қиын жағдайлар болып тұрады. Адам өміріне қауіп төнген сәтте оларға алғашқы болып көмек қолын созатын маман иелері төтенше жағдай қызметкерлері. Олар бейбіт күнде өздеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан, қызметіне адалдық танытып, қиындыққа қаймықпай қарсы тұра білетін жандар. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі қиын да қатерлі, жауапкершілігі мол, мәртебелі іс. Осындай мамандық иелеріне құрмет көрсетіп, ескерткіш қою біздің ел үшін үлкен абырой. Бұл ескерткіш өз қызметтерін адал атқаратын құтқарушы азаматтарға арналған елдігіміздің белгісі. Бүгінгі жас ұрпақ төтенше жағдайларда батылдық танытып, қаза болған құтқарушы азаматтардың рухтарына бас иіп, ерен еңбектерін білуі тиіс, - деп атап өтті облыс әкімі.

Шара барысында ҚР Ішкі істер министрлігі ТЖ комитеті төрағасының орынбасары Талғат Нұрмағамбетов өрт сөндіру бөлімдерінің басшыларына республикалық бюджет есебінен сатып алынған құтқару техникаларының кілттерін табыстады. Айта кетейік, ағымдағы жылы төтеншеліктердің көмегімен 3026 жедел шығу жүзеге асырылып, төтенше жағдай аймағынан 2000 адам көшірілген. Қиын жағдайдан 663 адам құтқарылып, 198 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов аймақ басшысына департаменттің атқарылған жұмыстары туралы кеңінен баяндап, кезекші бөліміндегі соңғы үлгіде жабдықталған құрал-жабдықтар жұмысымен таныстырып өтті. Салтанатты шара жергілікті өнер иелерінің концертімен жалғасты.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#НОВОСТИ АКТОБЕ #ОНДАСЫН ОРАЗАЛИН

Комментарии

Объявления
live comments feed...