09:00, 14 ноября 2019 г.
Надежный источник
Ерлігі ұрпаққа үлгі: полковник Берік Омаровпен сұхбат
Батыр Бауыржан өнегесіне қарап бой түзеп келеді,– дейді запастағы полковник Берік Омаров.
Жуырда 21-қараша айында еліміздің кинотеатрларында тәжік-ауған шекарасында қызметін өтеген қазақстандық әскерилер және қаза тапқан 17 жауынгер жайлы түсірілген «Қазбат» атты көркем фильм жарыққа шығатынын айтқан болатынбыз. Қазіргі уақытта туынды үлкен экрандарға әзірлену үстінде. Осыған орай біз сіздерге шекара шебінде қызмет атқарған құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлері және фильмді түсіруге атсалысып, онда ойнаған актерлар туралы материалдар легін ұсынуды жөн көріп отырмыз. Алғашқы кейіпкеріміз – 7 рота командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған, бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан запастағы полковник Берік Омаров.
Әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлік пен жанқиярлық үлгісі үшін ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгінде ол зейнеткерлік демалыста. Ендігі кезекте сіздердің назарларыңызға полковник Берік Ілесбекұлымен болған сұхбатымыз тәжік-ауған шекарасында әскери қызмет жөнінде өрбіді.
– Берік Ілесбекұлы, осыдан 24 жыл бұрын Памир тауындағы Пшихавр шатқалында бес сағатқа созылған қарулы қанды қақтығыс кезінде ішкі әскердің 17 қазақ жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33-і ауыр жарақат алды. Моджахедтер тәжік-ауған шекарасы арқылы елімізге енгісі келгенімен, біздің жігіттер оларға ерлікпен төтеп беріпті. Қанды оқиғаның ішінде өзіңіз де болып жараланғаныңызға қарамастан, жанқиярлық ерлікпен ұрысты жалғастырып, қаруластарыңыздың аман қалуына жағдай жасадыңыз. Сол жылдарды тағы бір ой елегінен өткізсеңіз?
– Боздақтардың қазалы өлімін өз көзіммен көргендіктен, бұл оқиға жаныма қатты батады. Олардың бар көретін қызықтары әлі алда еді. Жау осал болмады. Моджахедтер соғыс өнеріне әбден машықтанып, ұрыстың айла-тәсілдерін жетік меңгерген. Сұрапыл шайқаста бізді құтқарған 40-50 метрдей жерде тұрған көпір болды. Біз осы тауды тесіп өтетін көпірге бекініп алып, жауға тойтарыс бермегенде аман қалуымыз екіталай еді.
Бұл көпір – стратегиялық маңызы зор нысан. Одан өтетін жолдың бірі – Калай-Хумб елді мекеніне, екіншісі Душанбе қаласына өтеді. Шайқастан соң рота командирі, капитан Ерлан Алданазаров жауынгерлердің үлкен ерлік жасағандарын айтып, оларға өз ризашылығын білдіріп, елге қайтқысы келетіндерге рұқсат берілетінін жеткізді.Сонда рота жауынгерлері бірауыздан қаза болған жауынгер жолдастарының кегін алмай елге қайтпайтындарын айтты.Мұны естігенде бойымды мақтаныш пен қуаныш сезімі биледі.
1996 жылдың 20 қарашасында Елбасы Жарлығымен қаза тапқан сарбаздардың барлығы жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды. Бүгінде бұл жауынгерлердің туып-өскен жерлеріндегі мектеп, көше, саябақтар олардың есімдерімен аталады.
– Бесікте жатып «Батырлар жырымен» сусындап, «Ер Төстік» ертегісімен есейетін ұландарымыз намысшыл, елжанды, батыр болып өсетінінің бір көрінісі ғой бұл…
– Әрине. Сол тәлім-тәрбиенің арқасында шапса тұлпардың тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын осыншама жер атадан балаға мирас болып келе жатқан жоқ па?! Сонау замандағы жоңғармен шайқастағы, кешегі Ұлы Отан соғысындағы, одан кейін Ауғанстандағы ұрыстағы бабаларымыздың, аталарымыз бен ағаларымыздың жауынгерлік дәстүрлерін бүгінде еліміздің Қарулы Күштеріндегі, соның ішінде Ұлттық Ұландағы жауынгерлер лайықты жалғастыруда.
Мәселен, өткен жылдары қатардағы жауынгерлер Ербол Отарбаев, Нұрасыл Мүбәраков, Алтынбек Қабылбеков, кіші сержанттар Жандос Баянбаев, Ақылбек Қоңыров қауіпті қылмыскермен күресте ержүректік таныта білді. Олар Елбасының қолынан жоғары мемлекеттік марапат – «Айбын» ордені және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын алды. Өрт кезінде адам өмірін сақтап қалғаны үшін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының офицерлеріподполковник Ринат Жұмалиев пен Салауат Қабдықұлов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Мінеки, мұның барлығы да Отанды шексіз сүюдің жарқын үлгісі болып табылады.
Патриотизмнің қайнар бастауы осында. Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – тәуелсіз Қазақстан» деген болатын. Туған елімізді көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр азаматтың міндеті және перзенттік борышы. Ел тыныштығын қамтамасыз ету – отансүйгіштіктің белгісі.
– Соңғы қызмет орңыздағы,яғни, «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы тәрбие жұмыстары жөнінде айта кетсеңіз…
– Әскери бөлімде тәрбие жұмысына үлкен мән беріледі. Себебі, біздің қызметтің өзге әскери салаларға қарағанда өз ерекшеліктері бар. Түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды күзету, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау болсын, қай-қайсының да өзіндік қиындығы бар.
Қолбасшылық тарапынан осы қиындықтарды еңсеруге жағдай жасалып қана қоймай, сонымен қатар тәрбиелік жұмыстардың да ойдағыдай жүруіне де мән беріледі. Сондықтан, әрбір сардар жеке құрамның арасында тәрбие жұмысын талапқа сай жүргізуге тырысады. Жеке құрамның мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік дайындық барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне тәрбие жұмыстарының қосар үлесі зор. Кеңес Одағының маршалы, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры Г.Жуковтың «Тәртіп – жеңістің анасы» деген сөзі біздің ұранымыз іспеттес.
– Берік Ілесбекұлы, әскери өміріңізде кімді үлгі тұтасыз?
– Халқымызда батырлығымен, шешендігімен, ержүректігімен тарихта қалған тұлғалар жетерлік. Барлығынан да үлгі алуға тырысамын. Солардың ішінде көзі тірісінде халық батыры атанған, өмірден өткен соң Кеңес Одағының батыры атағын иеленген, тұла бойы намыстан жаратылған хас қаһарман Бауыржан Момышұлына қарап бой түзеп келемін. Жалпы, батыр ағамыз әр әскери қызметшінің үлгі тұтар ұстазы ғой. Ол туралы әрбір деректен халқына деген жанашырлықтың, батырлықтың ерен үлгісін, Отанын шексіз сүюді көруге болады.
– Әскери салаға қалай келдіңіз?
– Әскери қызметке келуіме ішкі істер органдарында көп жылдар қызмет атқарған әкем Ілесбек Өмірзақұлы ықпал етті. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар аудандық ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекциясының бастығы қызметінде жүріп, милиция майоры шенінде зейнеткерлікке шықты.
Өзім 1989-1993 жылдары Ленинградтағы жоғары әскери-саяси училищесінде оқыған кезімде алдымнан өзге әлем ашылғандай болды. Әскери жарғыны қатаң сақтау, әскери антқа адал болу, бұйрықтар мен өкімдерді бұлжытпай орындау мен үшін айнымайтын қағидаға айналды. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін Шымкенттегі ішкі әскерлердің Оңтүстік құрамасына қарасты әскери бөліміне келіп, патрульдік рота командирінің орынбасары қызметін атқардым. Ал 1995 жылдың наурызында ТМД елдерінің өзара ұжымдық қауіпсіздік туралы келісіміне сай, оның сыртқы шекарасын күзету мақсатында еріктілер қатарынан құрылған құрама ротаның сапында үш ай мерзімге тәжік-ауған шекарасына Отан алдындағы әскери борышымды өтеуге аттандым.
Одан кейін Ақтау қаласындағы 6656 əскери бөлімінде батальон командирінің орынбасары, Атырау қаласындағы 5546 əскери бөлім командирінің орынбасары, 6655 əскери бөлімінде тəрбие бөлімінің бастығы қызметін атқардым.
Батыстан кейін қызметім елорда – Астана қаласында жалғасын тапты. Бұнда 5570 əскери бөлімі командирінің тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметінде болдым.Кейін Ішкі əскерлер Комитетінде тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасында қызмет жасадым. Ал 2003 жылдан Өскемендегі шығыс құрамасы командирінің орынбасары лауазымына тағайындалдым. Шығыс құрамасында төрт жылдай болып, Ресей Қарулы Күштерінің Əскери университетінде білім алдым. 2009 жылы Əскери институт бастығының тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ал 2014 жылдың жаз айында еліміздің батыс өңірінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне кірісіп, биылғы жылы маусым айында зейнеткерлікке шыктым.
– Балаларыңыз әке жолын қуса қарсы болмайсыз ба?
– Тұңғышым Айдар, офицер Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің біріңде қызмет етіп жатыр. Қызым Майра тұрмыста, Астанадан жоғары оқу орнын тәмамдады. Кіші ұлым ИсатайТүркия әскери университетініңүшінші курс курсанты. Балаларым мамандықты өз қалауларымен таңдады. Біз оларға Отанға адал қызмет етуді, әділ болуды, жауапкершілік пен тәртіпке мән беруді үйретудеміз.Тек олардың мен жеткен жетістіктен асып түсіп, әріптестері мен ел-жұртының алдында үлкен беделге ие болуын тілеймін. Ең бастысы, жастар Отанға қызмет – ортақ парыз екенін ұмытпауы шарт.
- Салиқалы сұхбатыңызға рахмет
Әңгімелескен подполковник
Ерболат СҰЛТАНОВ, Орал
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Последние новости
15:36
19 ноября
14:50
19 ноября
14:45
19 ноября
15:20
15 ноября
13:56
15 ноября
Объявления
15:32, Вчера
13
15:32, Вчера
119
20:49, 17 ноября
live comments feed...
Комментарии